«Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2026 жылғы 6 сәуірдегі № 40 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық аткілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26447 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында:
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Автомобиль магистральдар, темір жол көлігі желілері, метрополитеннің жерүсті учаскелері үшін, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшу және қону, ғарыш аппараттарын ұшыру аймағындағы ұшудың стандартты бағыттарының бойында проекциядан жер бетіне СҚА режимі бар және химиялық, биологиялық және физикалық әсерлерден гигиеналық нормативтерде белгіленген мәндерге дейін төмендетуді қамтамасыз ететін, объектіден қашықтық (бұдан әрі - санитариялық ажырау) белгіленеді.
Санитариялық ажыраудың шамасы әрбір нақты жағдайда атмосфералық ауадағы ластаушы заттар шығарындыларының таралуын және физикалық әсер ету (шу, діріл, ЭМӨ және басқа физикалық факторлар) деңгейлерін есептеу негізінде белгіленеді.